Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Мардин және Газиантеп провинцияларындағы жантүршігерлік жол-көлік апаттарынан көп адамның қаза табуы мен бірқатар азаматтың ауыр жарақат алуына байланысты Президент Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
"Осындай қиын сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін", – деп жазылған Президенттің жеделхатында.