Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь басшысымен және Қырғыз президентімен кездесті

1220

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардағы, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь басшысымен және Қырғыз президентімен кездесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының президентіне ілтипат білдірді және олардың бұл кездесуі, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан деп аталғаннан кейін, бірінші рет өтіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз хатшысы.

"Біз сіздің қызметіңізді мұқият бақылап, еліңізді дамытудағы зор жетістіктеріңізді айтып отырамыз. Сіз президент лауазымында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келесіз және мемлекетіңіздің беделі мен әлеуетін нығайту үшін бар мүмкіндікті жасап жатырсыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Александр Лукашенко дәстүрлі түрде жылы қарсы алғаны және кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардағы, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Қырғыз Республикасының президенті жылы кездесуге ризашылығын білдіріп, мемлекетаралық байланыстардың достық сипатын атап өтті.

"Алыстағы ағайыннан жақындағы көршіні артық көретін біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінде үкіметаралық жол картасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Өзіңізді Қырғыз Республикасына сапармен келуге шақырамыз", – деді Сооронбай Жээнбеков. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу