Қазақстан Президенті Еуропа одағына мүше мемлекеттердің ішінде Германияның Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтіп, еліміздің ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Қазақстан Президенті ретінде Германиядан елімізге инвестиция мен кәсіпкерлерді тартуға және бизнес өкілдерінің өздерін қауіпсіз сезініп, табысты дамуы үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Біз неміс кәсіпкерлері үшін ерекше жағдай жасауға дайынбыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның өз стандарттарын жақсартуға, болашақта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болу үшін заңнамаларды осы ұйым деңгейіне дейін көтеруге ұмтылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қолайлы географиялық жағдайы мен орнықты сыртқы экономикалық саясаты шетелдік инвесторлар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатынына назар аударды.
Оның айтуынша, "Volkswagen", "Mann", "Siemens", "Knauf", "Bayer", "METRO" секілді жетекші неміс концерндері Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатыр. "Heidelberg Cement" және "Linde Group" корпорациялары ел экономикасына ірі көлемде қаржы құйып, табысты экономикалық ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін агроөнеркәсіп кешені, жоғары технологиялар мен цифрландыру салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырды.
Іс-шараға 20-дан астам неміс компаниясының жетекшілері қатысты. Атап айтқанда, "WILO", "CLAAS Group", "SMS Holding GmbH", "Schaeffler AG", "Airbus Defence and Space", "Linde AG", "Mangold Consulting GmbH", "Herrenknecht AG", "Knorr-Bremse AG", "Euler Hermes", "Siemens Healthineers", "John Deere", "Deutsche Bank AG", "Tönnies Holding", "BAUER COMP Holding" және т.б.
Неміс іскер топтарының өкілдері Қазақстан нарығында жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары мен ұсыныс-тілектерін айтты.