Тараптар әлемдегі ахуалдың қазіргідей жауапты кезеңінде өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның кең көлемдегі халықаралық ынтымақтастықты реттеу және коронавирус пандемиясына қарсы күресте жекелеген мемлекеттердің іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі бастамаларын Қазақстанның қолдайтынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, БҰҰ Бас хатшысының жаһандық келісім жариялау, барлық соғыстар мен қақтығыстарды тоқтату туралы жуырда айтқан ұсынысы өзекті бастама және барлық қатысушы мемлекеттердің қолдауына лайықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш әлемдік ұйымның құрылғанына 75 жыл толуына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы мерекелік сессиясына дайындық мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттерін толық қолдайтынын, бірегей әрі баламасы жоқ институтты одан әрі дамыта беруге атсалысатынын айтты.