Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты

800

Мемлекет басшысы "Digital Era Lifestyle" тақырыбында өткен дәстүрлі "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты. Үшінші рет өткізіліп отырған жиынға Президент Әкімшілігінің басқарушы құрамы, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумына қатысты

Мемлекет басшысына стартаптар аллеясы таныстырылып, Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі жұмысы туралы баяндалды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Цифрландыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиынға қатысушылардың сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы практикалық, қолданбалы цифрландыру мәселесі біздің стратегиялық міндетіміз және мемлекетіміздің басымдығы екенін айтты.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар басым міндетке назар аудару қажет екенін атап өтті.

Атап айтқанда, Президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңыздылығына назар аударды.

– Міндет – қызметтерді офлайн режимнен онлайн режимге ауыстыру ғана болмауы керек. "Цифр" көрсетілетін мемлекеттік қызметтің және оған қатысты сұранымдардың, жауаптардың, келісімдердің санын қысқартуға тиіс. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер кешенді және сапалы болуға тиіс. Мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясын бюрократиямен, сыбайлас жемқорлықпен және тиімсіздікпен күрес құралы ретінде қарастырған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметке тексеріс жүргізіп, олардың цифрлық тұрғыдан оңтайландырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы іс жүзінде ең түйткілді деген екі саланы – құрылыс пен жер қатынастарын ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы құрылыс саласындағы жағдай туралы айта келе, техникалық-экономикалық негіздемелерді, жобалық-сметалық құжаттарды және мемлекеттік сараптаманы әзірлеу кезінде қағаз құжаттардан цифрлық форматқа кезең-кезеңмен көшу қажеттігі туралы мәлімдеді.

– BIM технологияларын қолдану мәселесін қазіргі нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстың орындалу мерзімін айтарлықтай қысқартады, осы саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтады, сондай-ақ құрылыс құнын төмендетеді. Үкіметке аталған саланы Цифрлық кеңсе жұмысындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, жер саласын цифрландыру ісі жер бөлу және жер алу кезегінің ашықтығын шешуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес үшін жер учаскелерін таңдау және бөлу мәселесін толық цифрландыруды, жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмыстарын жеделдетуді және осы ақпараттық жүйені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей іске қосуды тапсырды.

– Құрылыс жұмыстарының сапасын анықтау үшін цифрлық құралдарды белсенді әрі кең көлемде енгізу қажет. Негізгі құрылыс компаниялары тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол және басқа да әлеуметтік мәні бар маңызды нысандар салу үшін мемлекет қаржысын молынан игеруде. Бірақ, ашығын айтайық, олардың сапасы көбінесе көңілге қонбайды. Күмән туғызады. Бұл жағдай азаматтардың наразылық жасауына алып келеді. Сондықтан Үкімет осы мәселеге баса мән беріп, цифрлық құралдарды қолдануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмысының нәтижелілігін сынға алды. Оның айтуынша, олардың басты міндеті – күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Осыған байланысты Президент жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамына баға беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бизнес-қоғамдастық атсалыспай, жалпымемлекеттік "цифрлық секіріс" жасау мүмкін емес, ал компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі олардың цифрландырылу деңгейімен анықталады.

– "Siemens" компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжырымдамалық жағынан да, практикалық тұрғыдан да нақты әрі лайықты жауап беру керек. Цифрлық шешімдерді қолдаудың тиімді құралдарын, ең алдымен, өңдеу секторында кеңейту керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент отандық IT индустриясының бәсекеге қабілеттілігіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл саладағы барлық отандық бизнес ішкі нарыққа, көп жағдайда, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сұранымдарына жауап беруге бағытталған.

– IT шешімдердің экспорты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі бола алады және болуға тиіс. Біз алғашқы қадамдарды жасадық. Бүгін көрмеде бәсекеге қабілетті IT өнімдерді, сондай-ақ білікті әрі жас IT командаларды көрдік. Оларға жан-жақты көмек көрсету керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент IT білім беру сапасына назар аударып, бұл мәселені ұлттық деңгейдегі міндет ретінде атады.

– Үкіметке IT кадрларды жаппай даярлауға жекеменшік IT мектептерді тарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мемлекеттік басқарудағы IT біліктілікті арттыру жүйесіне ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік қызметшілер технологиялық трендтерді түсінуге, оқиғалар мен деректерді жүйелі түрде талдай білуге тиіс. Олар IT бизнеспен бір тілде сөйлеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты.

– Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл – шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба? – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.

– Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты. Үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жиынды соңында Комиссия мүшелері мен шақырылған сарапшыларға мазмұнды пікірталас жасағандары үшін алғыс айтты. Сондай-ақ барлық стейкхолдердің атсалысуы Комиссияның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның цифрлық трансформациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

Сонымен қатар жиын барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, McKinsey & Company компаниясының аға серіктесі Томас Уолтер Ишервуд, Huawei компаниясының Еуразиялық өңірлік өкілдігінің президенті Дэниэл Чжоу, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және StrategEast жаңа экономика орталығының президенті Анатолий Моткин сөз сөйледі.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу