Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директорымен кездесті

807

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен видео конференция форматында кездесу өткізді. Келіссөз барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ықпалдастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды, деп хабарлайды Ақорда.  

 Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директорымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланы жуырда Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры қызметіне сайлануымен құттықтап, аталған ұйыммен арадағы тығыз ынтымақтастық еліміздің басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Кездесуде Қазақстанның төрағалығымен өтетін ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

"Біз үшін биылғы қарашаның соңы желтоқсанның басында өтетін ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі ортақ іс-шарамыздың барлық мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелеріне қатысты пысықтау жұмыстары бойынша ДСҰ Хатшылығымен тығыз ықпалдастық орнатады", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан көпжақты сауда жүйесін белсенді жақтайтын болғандықтан, Конференцияның нақты нәтиже әкелуіне мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібіндегі барлық шешілмеген мәселелерді талқылауға өз тарапынан конструктивті түрде үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы ДСҰ Бас директорына Қазақстанның коронавирусқа қарсы күресте қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берді. Тараптар пандемияға қарсы күресті, соның ішінде, вакцина мен медициналық құрал-жабдықтарға жалпы қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күш-жігерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ДСҰ басшысының жетекшілігі бойынша Ұйымға мүше елдермен, вакцина өндіруші мемлекеттермен және қолжетімді вакцинаға мұқтаж елдермен жүргізіліп жатқан сындарлы диалогты толық қолдайтынын айтты.

"Дүниежүзілік сауда ұйымы қажетті медициналық тауарлардың жеткізілуін және вакцинаға әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы тиіс деп есептейміз. Осыған байланысты Үкіметке сауда және денсаулық сақтау саласындағы бастамаларға қатысты еліміздің ұстанымын, атап айтқанда, министрлердің 12-ші конференциясына қатысты тиісті шешім әзірлеуге қомақты үлес қосуды тапсырдым", – деді Президент.

Өз кезегінде, Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы күрестегі күш-жігерін жоғары бағалап, отандық QazVac вакцинасының әзірленуімен құттықтады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы алда болатын министрлердің 12-ші конференциясына дайындық барысы туралы айта келе, Президентке аталған іс-шара аясында өтетін бизнес-форумды ұйымдастыруға Қазақстанның қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты Женевада өтетін конференцияға шақырды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланы өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу