Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз", - деді Мемлекет басшысы.
Сөзінше, бүгін еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесі қаралды.
"Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.