Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды

Елордадағы "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумінде Президент сөз сөйледі.  

Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жиында ЮНЕСКО басшылығына алғысын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы.

Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді.

Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз.

Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді.

Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент сөз арасында еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырғанына тоқталды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. 

– Сонымен қатар, ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді.

Мәселен, былтыр ғана "Хандар шежіресі" деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат.

Сондықтан, біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа, – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу