Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмысын көтеру үшін елде еңбекқорлық идеясын орнықтыру керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"...Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты. Елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек. Біздің жастарымыз осыны айқын ұғынса деймін", – деді Мемлекет басшысы Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.
Ол елдегі теріс факторларға қарамастан, тиімді жұмыс істеу үшін жағдай жасалғанын атап өтті.
"Жақсы мен жаман туралы ұлы Абайдан асырып ешкім айта алмас. Сондай-ақ ойшыл ақынның "талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым" деген даналығының да мәні зор. Бұл қағида бізге, әсіресе осы заманда ауадай қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дәурен Ерболат