Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
"Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін де атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі "Загульба" резиденциясында өткенін жазған болатынбыз.