Қасым-Жомарт Тоқаев: Қандастардың қоғамға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет

Былтыр елге 16 мыңнан аса қандас қоныс аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қандастардың қоғамға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет Фото: gov.kz

Солардың еңбекке жарамдысының тек 15 пайызының ғана жоғары дипломы бар болып шыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осы себепті олардың көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтармен бетпе-бет келеді. 

– Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар, Президент былтырғы сұхбатында Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айтқанын есіне алды. 

– Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. "Заң үстемдігін" қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.
Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін, – деп сөзін толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу