Сол үшін қалада озық білім беретін орта қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу күн тәртібінен түспеуі керек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы "Green District" ауданы тартымды туристік кластер болуға тиіс екенін және миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы қажет екенін айтады.
– Осы орайда, Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағының маңызы айрықша болады. Бірақ мұнда жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай, яғни, шаңғы, сноуборд, коньки, балық аулау және басқасына жағдай жасау қажет. Әйтпесе, жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қоятыны айдан анық.
Су қоймасының жағалауындағы бей-берекет құрылысты доғару керек, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс.
Қонақүйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн.
Олардың сәулеті, яғни, архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады, – деді Президент.