Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан кремлін аралады

949

Президент Ресейге жұмыс сапарының екінші күні Қазан қаласында болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан кремлін аралады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанға сапарын "Қазан кремлі" мемлекеттік тарихи-архитектуралық және көркем музей-қорығына барудан бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ондағы көрікті жерлерді Президентке Татарстанның мемлекет басшысы Рустам Минниханов таныстырды.

Рустам Минниханов ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген осы бірегей тарихи кешен туралы әңгімелеп берді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан кремлі аумағындағы "Құл Шариф" мешіті мен Благовещенский соборын аралады. Мешітте Татарстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Камиль Самигуллин Құран оқыды.

Благовещенский соборында Қазақстан Президенті Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді биыл елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.

Айта кетейік, "Құл Шариф" мешіті – Қазан хандығының әйгілі ескерткіші. Ол XVI ғасырдың екінші жартысына дейін бұзылмай тұрған көне мешіт болып саналады.

Сондай-ақ Благовещенский соборының іргетасы 1552 жылы орыс патшасы IV Иван Грозныйдың жарлығымен қаланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу