Қазақстанда 100 мыңнан астам корей ұлты тұрып жатыр. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың рет-ретімен ілгерлей түсуіне Қазақстанда тұрып жатқан корей ұлтының азаматтары маңызды үлес қосады. Өзіңіз де білетіндей, корейлер Қазақстандағы он ең ірі этностардың қатарына кіреді. 100 мыңнан астам корей тұрып жатыр", – деп атап өтті ҚР Президенті.
Осы ретте Қазақстан Президенті ел аумағында тұрғып жатқан корей этностарын дамытуға мұнан ары да жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін баса айтты.
"Біз өз тарапымыздан, үкімет тарапынан бауырлас корейлердің ұлттық өзіндік ерекшеліктерін қолдайтын боламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.