Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулының жобасы қаралды, деп хабарлайды ОСК баспасөз қызметі.
ОСК хатшысы Сабила Мұстафина қаулы жобасы туралы баяндама жасап, "Nur Otan Партиясы" атынан ұсынылған кандидаттың "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңның талаптарына сәйкес келгендігін, осылайша оған азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілгендігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналып, олардың 313 653-і дұрыс деп танылыпты.
"Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді", – дейді Сабила Мұстафина.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде "2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы" қаулы қабылданды.