Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет

Астана қаласы қазірдің өзінде құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш басында келеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет Фото: gov.kz

Осы орайда, Мемлекет басшысы саннан бұрын сапаға баса мән беру керегін қатаң ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар.

Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруы тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

– Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек.

Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс, – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу