Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет есебінен өткізілетін форум, конференцияларға ұзақ мерзімді мораторий жариялады.
"Бағасы қымбат көлік пен жиһаз сатып алу үшін, түрлі форумдар мен семинар, конференциялар өткізу үшін жұмсалатын шығындарға ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Шаралардың практикалық және идеологиялық пайдасы айқын болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент жоспардағы шараларды қайта қараудың арқасында Үкіметтің шығыны қазірдің өзінде 30 млрд теңгеге қысқарғанын атады.
"Бюджет саясатының тиімділігін қайта қарау керек. Имидждік шараларға кететін бюджет шығынын азайту бойынша тапсырма берген болатынмын. Үкімет шығындарды 30 млрд теңгеге қысқартып отыр. Бұл мәселені шешудегі алғашқы қадам ғана деп түсіну керек. Дәл осындай өнімсіз шығындарды қысқарту шараларын квазимемлекеттік секторда да жүргізу қажет. Үкіметке жұмыс қорытындысын ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін беруді тапсырамын. Зардапсыз шегеруге болатын шығындарды анықтаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.