Мемлекет басшысы Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында мұнай-химия зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі уақытта автомобиль жанармайын, реактивті двигательдерге арналған жанармай отынын, дизельді және қазандық отынын, өзге де мұнай өнімдерін, сондай-ақ, коммуналдық-тұрмыстық мақсатта газ өндіретіні туралы баяндалды. Зауыттың жылдық қуаты – 5,1 миллион тонна. Оның өнімдері ішкі нарыққа жеткізіледі, сонымен қатар, Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, АҚШ-қа, Нидерланд еліне, Италияға және Украинаға экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында өндірістік қуатына ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген Павлодар мұнай-химия зауытының ел экономикасындағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Кәсіпорын жұмысшылары отандық өндіріске қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.