Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисянмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады

1115

Президенттер Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастықтың перспективаларын қарастырып, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисянмен  екіжақты ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Армен Саркисянмен кездесіп, саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса мән бере отырып, қазақ-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан Армения Президентінің осы сапарының маңызды екенін атап өтті.

"Армения – бізге достас мемлекет. Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастар ежелден келе жатқан дәстүрлерге негізделеді. Әрине, біз ықпалдастығымыздың бір жерде тұрып қалмай, жаңа мазмұнмен толыға отырып дамуына мүдделіміз. Сондықтан елдеріміздің үкіметтері мен нақты салалық ведомстволары осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан Президенті түрлі салалар бойынша қарым-қатынастарды нығайту үшін мол мүмкіндіктер бар екенін атап өтіп, Арменияның үкіметтік делегациясының жуырда Қазақстанға жасаған сапарының қорытындыларын оң бағалады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы екіжақты ықпалдастықтың жақсы қарқынмен жалғаса беретініне сенім білдірді. 

Армен Саркисян өз кезегінде Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Армен Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан мен Ереван арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор деген пікірімен келісті. Осы ретте ол сауда, білім беру, жаңа технологиялар, тамақ өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша жасалып жатқан қолайлы шарттарға назар аударып, аталған ынтымақтастықтың мазмұнын байытып, кеңейте беруге ниетті екенін жеткізді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу