Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
"Мен шағын құрамдағы кездесуге өте ризамын, онда біз мемлекеттеріміздің өзара іс-әрекетінің барлық мәселелері мен әртүрлі салалары туралы жан-жақты пікір алмастық. Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақтаспыз. Бүгін елдеріміз арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойылады", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
"Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.
"Менің ойымша, келесі жылы екі ел үкіметтері арасындағы келісім бойынша біз Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізе аламыз. Сіздің еліңіздің мәдениеттіне үлкен қызығушылық бар. Біз Әзербайжан мәдениетінің көрнекті өкілдерін өз елімізде үлкен ілтипатпен қабылдаймыз", - деді Мемлекет басшысы.
Әзербайжан басшысы бүгін екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.
"Әрине, көлік-логистика инфррақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақтылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың серпін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резервіміз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласында зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын", – деді Ильхам Әлиев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.