Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды

84

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі.  

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас елге келгеніне қуанышты екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Пәкістанды Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары аймақтардағы сенімді әрі маңызды серіктесі деп атап, халықтарды Ұлы Жібек жолынан бастау алатын тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық біріктіретінін айтты. Оның сөзінше, екі елдің құндылықтары мен дәстүрлері үндес, ал үкіметтер мен іскерлік орта деңгейінде орнықты саяси диалог пен экономикалық қатынастар жүйелі түрде нығайып келеді.

Президент келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойылғанын хабарлады. Бұл құжат екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елдер арасындағы достық қатынастарды тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрінің қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы ретінде сипаттап, оның келешекке бағдарланған саясаты Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделін арттырып отырғанын атап өтті. Президент Пәкістанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын, сондай-ақ елдің экономикалық әлеуеті, өнеркәсіптік базасы, көлік-транзит мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, медицина және әскери-өнеркәсіптік кешен салаларындағы жетістіктерін ерекше атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу