Президент Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммит әлемдегі экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, берік құқықтық база қалыптасты. Сондай-ақ бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асты.
Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстанды Сауд Арабиясының Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атады.
Премьер-министрдің пікірінше, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын қарқынды түрде дамытуға мол мүмкіндік бар.
Әңгімелесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды.