Мемлекет басшысы Шри-Ланкада болған жарылыс салдарынан қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Тwitter-дегі парақшасында жазды.
"Бұл жағдайға байланысты қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Терроризмде шекара жоқ. Әлемдік қоғамдастық бұл зұлымдыққа қарсы күш-жігерін біріктіруі керек", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, бүгін Шри-Ланкада сегіз жарылыс болып, құрбандар саны 190 адамға жуықтаған, ал жарақат алғандар саны 300-ден астам.
Бұл терактіні кім ұйымдастырғаны белгісіз болып отыр, әзірге ешбір лаңкестік топ мойнына алмады.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі қаза тапқандар мен жарақаттанғандар арасында қазақстандықтар жоқтығын хабарлады.