Қасым-Жомарт Тоқаев: Трамп Украинадағы жағдайды тоқтатуға қатысты пікірімізді сұрады

591

Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Трамп Украинадағы жағдайды тоқтатуға қатысты пікірімізді сұрады Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы "Ana tili" газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент желтоқсанның басында Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әрі ашық әңгіме болғанын жеткізді. 

"Ол Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын. Біз жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық. Трамп және оның командасы халықаралық саясатқа жаңа көзқарастар орнықтырып, тың тәсілдер енгізумен айналысады. Мұның бәрі әлемдегі ахуалға ықпал етері анық. Мен қазақ-америка қарым-қатынасын нығайтуға өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың ортасынан бері атсалысып келемін. Өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы отыз жылдан астам уақытта басымдықтарға, яғни сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптасты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінше, Ақ үйдің жаңа басшылығымен бірлесе атқарылатын жұмысқа да осы мәселелер арқау болады.

"Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес. Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын. Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр. Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым. Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтуға тиіспін, деп атап өтті ол.

"Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. Бірақ халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайынбыз. Әрине, халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді. Сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысамыз. Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейді", – Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу