Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
"Президент сапар барысында Мақтаарал ауданына барып, Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарын жою жұмыстарымен, зардап шеккен азаматтар үшін салынған тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, тұрғындармен кездеседі. Бұдан кейін Арыс қаласына барады. Онда былтыр жарылыс болған әскери бөлімді қайта қалпына келтіру жұмысымен танысып, тұрғындар үшін жаңадан салынған және жөнделген үйлерді, қайта қалпына келтірілген темір жол вокзалын аралап көреді",– деп жазды Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында.
Оның сөзінше, Президент сондай-ақ Түркістан қаласына барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жөндеу жұмыстарын көреді. "Сапар орталығының" қызметімен танысып, жаңадан салынған "Жібек жолы" саябағын араламақ.