Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке басы артық бюрократиядан арылуды тапсырды

Елімізде инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылған еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке басы артық бюрократиядан арылуды тапсырды Фото: Ақорда

Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар айтарлықтай жойылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ел Президенті бүгін Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталып өтті. 

– Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ, – деді ол. 

Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге көп уақыт кететіні белгілі. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Үкіметке басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуді тапсырып отыр. 

– Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – "жекелеген" проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту.

Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал, – деп сөзін қорытындылады Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу