Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысында Министрлер кабинетін сынға алды және қоян жылының басында бірқатар ауыс-түйіс болатынын жасырмады. Өткен жылды қортындылап, алдағы реформаларға тоқталды.
Биыл Парламент 150 заң жобасын қарап, 79 заң қабылдады. Мемлекет басшысы өзінің алғы сөзінде, арта қалып бара жатқан жыл өте күрделі болғанын айтты. Деседе, бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, бала күтіміне байланысты төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Оған қоса, жастар санатының деңгейі 29-дан 35 жасқа дейін өсірілді. Экономикада да алға жылжу бар.
"Өткен 11 айдың қортындысы бойынша, экономикамыз 3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6 жарым пайызға артты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ, жайбырақат отыруға болмайды. Мен бұл мәселе бойынша, Үкімет отырысында нақты айттым", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
2023 жылы ЖІӨ 4% болуы тиіс - Қ.Тоқаев
Иә, шынында дәл қазір қол қусырып отыратын уақыт емес. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрғанда, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыру қажеттілігі айтылды.
"Біз экономиканы барынша дамытуды барынша күш салуымыз керек. Келесі жылы ЖІӨ-нің өсімі кемінде 4 пайыз болуға тиіс. Ал, ақшаға шаққанда алғаш рет 250 млрд долларға жету қажет. Үкімет пен Ұлттық банктің алдында тағы бір үлкен міндет тұр. Ол инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен отбасыларға оның қатты тиетіні анық", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылы Үкіметте кадрлық өзгеріс болады - Қ.Тоқаев
Жиында ел президенті Үкіметтің жұмысын да сынға алды.
Оның сөзінше, еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр екен. Енді алдағы жыл ауыс-түйіспен басталады деген сөз.
"Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар өте ауқымды және өзекті", деді Президент.
Үкімет пен Парламенттің де алдында зор міндет тұр. Елде аралас сайлау жүйесі енгізілді. Бұл дегеніміз Парламенттің рөлі де, мәртебесі де артады деген сөз. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сот келесі жылдан бастап жұмысқа кірісетіндігін тілге тиек етті. Бұл әрине, азаматтардың өз құқығы мен еркіндігін қорғауына жаңа мүмкіндік береді.
Арнат Дүйсен