Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбылдағы жағдайға байланысты шұғыл тапсырмалар берді

914

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Жиынға Премьер-Министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.  

 Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбылдағы жағдайға байланысты шұғыл тапсырмалар берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

– Кеше Жамбыл облысының Байзақ ауданында төтенше оқиға болды. Қарулы Күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.  

Президент қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Мемлекеттік уәкілетті органдар қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық шараларын қабылдауы қажет. Жұмылдырылған барлық сала мамандарының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Құтқарушыларға, дәрігерлерге, полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимараттар қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент орталық және жергілікті органдардың жұмысын дұрыс үйлестіру керек екенін айтты. Қажетсіз кедергілерді жойып, уақыт ұттырмай жедел қимылауды, ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару шараларын қолға алуды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе ретінде апаттың себептерін анықтау қажет екенін айтты. Бұндай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін айтты. Президент Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауға тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше оқиғаға байланысты бірқатар шараларды шұғыл қолға алуды тапсырды.

– Бірінші. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екінші. Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.  

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Жиында, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндама жасады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу