Қазақстан үстел теннисі федерациясына жаңа президент келді, деп хабарлайды olympic.kz.
Данияр Абулгазин Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды. Мұндай шешім Астанада өткен федерацияның жылдық есебіне арналған жиында қабылданды. Бұған дейін федерацияның бас хатшысы қызметінде болған Данияр Абулгазин Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына келді.
"Бірінші кезекте еліміздегі үстел теннисінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен алғыс білдіреміз. Оның басшылығымен материалдық-техникалық база нығайып, аймақтардағы инфрақұрылым жақсарып, бапкерлердің біліктілігі артып, үстел теннисі бұқаралық спортқа айналды. Федерация дамуындағы ең басты бағыт – әлемдік қауымдастықтағы беделімізді нығайту болатын. Қазіргі күні де біздің алдымызда тұрған мақсаттар өзгермейді. Біз отандық үстел теннисін дамытуды әрі қарай жалғастырамыз", - деді Данияр Абулгазин.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Астана ТМД елдері арасында алғаш болып Халықаралық үстел теннисі федерациясы өткізетін ең маңызды турнирлердің бірі ITTF World Tour Grand Finals додасын қабылдады. Бұл бәсекеге әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары жиналды. Федерацияның халықаралық бағыты аясында қазақстандық жас спортшылардың шетелде оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізуіне мүмкіндік жасалмақ.