Испаниядағы туристер арасында ең танымал аймақ саналатын Каталонияда туристік салық 12 еуроға дейін көбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Автономды қауымдастық парламентінің шешіміне сәйкес, 1 сәуірден бастап туристерге арналған салық екі есеге артады.
Каталония үкіметі (Generalitat) деректері бойынша жаңа ставкалар бойынша:
- Барселонадағы бес жұлдызды қонақүйлерде – 7 еуро/1 түн,
- төрт жұлдызды қонақүйлерде – 3,4 еуро/1 түн,
- туристік апартаменттер мен ұқсас орындарда – 4,5 еуро/1 түн,
- басқа орналастыру орындарында – 2 еуро/1 түн.
Сонымен қатар, Барселона қалалық туристік алымын 4-тен 5 еуроға дейін көтерді.
Осылайша, өткен жылы Барселонада 5–7,5 еуро төлеген турист 1 сәуірден бастап шамамен 12 еуро төлейтін болады.
Барселона муниципалитеті 2029 жылға дейін алымды жыл сайын 1 еуроға көтеріп, оны 8 еуроға жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, 2029 жылы қонақүйлердегі жалпы туристік салық 1 түнге 15 еуроға жетуі мүмкін.
Каталонияның басқа туристік қалалары – Жирона, Таррагона және жағалау елді мекендерінде салық 50%-ға өседі, бұл Барселонаға қарағанда аз. Каталония үкіметі жинақталған қаражаттың 25%-ы тұрғын үй саясатына, қалғаны Туризмді дамыту қорына жұмсалатынын хабарлады.
Испанияда туристік салық алғаш рет 2012 жылы Каталонияда енгізілген. Кейін төмен мөлшерлемелермен Галисия мен Балеар аралдары да осындай шараларды қабылдаған.