Каталониялықтар жаппай ереуілге шығады

1022

Жүз мыңдаған адам бас көтермек. 

Каталониялықтар жаппай ереуілге шығады

Испанияның автономиялық аймағы Каталонияда жұма күні жаппай ереуілдер өтеді. Жергілікті халық испаниялық Жоғарғы соттың 2017 жылғы каталониялық референдум ісіне қатысты үкіміне наразы. 

Осы орайда мектептер, балабақшалар мен бірқатар ведомство жабылмақ. Сондай-ақ, көшедегі көлік қозғалысы да қысқартылады. Қаладағы дәмханалар мен дүкендер де ереуіл болатын күні жұмыстарын тоқтатады. 

Ресми дереккке сүйенсек, наразылық шарасы жергілікті уақыт бойынша сағат 17.00 өткізіледі. Әзірге қала көшелерінде нақты қанша адамның ереуілге шығатыны жарияланбады. Бұған дейінгі бас көтеруге шамамен 500 мыңға жуық адам шыққан болатын.  

Айта кетейік, Каталонияны 14 қыркүйектен бастап түрлі шерулер шарпыды. Бұған Испания Жоғарғы сотының 12 каталониялық саясаткерге 2017 жылғы тәуелсіздік туралы заңсыз референдумға қатысы бар деп танып, үкім шығаруы себеп болды. Олардың 9-ы бүлік ұйымдастырды деп айыпталып, 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жазаға кесілді.

2017 жылдың 1 қазанында Каталонияда корольдік құрамынан шығу туралы референдум өтті. Мадрид әуел бастан плебисцитті заңсыз деп танып, оның қорытындысын мойындаудан бас тартқан еді. Сол жылдың 27 қазанында Каталония парламенті аймақты тәуелсіз республика деп жариялау туралы резолюцияны мақұлдады. Бұған жауап ретінде Мадрид Каталонияның өзін-өзі басқаруын шектейтін заңды күшіне енгізді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу