Қатарда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді

297

Аталған мәдени іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетіне жасаған мемлекеттік сапары барысындағы Мемлекет басшыларының уағдаластықтары аясында өткізіледі.

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді Фото: ansamblsaltanat.kz

4-7 ақпан аралығында Доха қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарлама Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған.

Негізгі іс-шаралар Доха қаласындағы "Дарб әл-Саги" мәдени-тарихи орталығында өтеді. Бағдарламада гала-концерт, тақырыптық концерттер, көрмелер мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, Қазақстанның дәстүрлі және заманауи өнері таныстырылады. Атап айтқанда, ұлттық музыка мен хореография, қолданбалы және бейнелеу өнері, сахналық мәдениет элементтері мен ұлттық киім үлгілері ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын мәдениет күндері шеңберінде бірқатар мазмұнды іс-шаралар өткізу жоспарланған.

4 ақпан күні Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтеді. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қазақ халық аспаптары оркестрі мен "Бірлік" би ансамблі өнер көрсетеді. Вокалистер қатарында Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Зарина Алтынбаева және Мария Мудряк, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Рухия Байдүкенова, Расул Жармағамбетов, Назым Сағынтай және өзге де белгілі мәдениет қайраткерлері бар. Концерттік бағдарламада қазақ халқының классикалық музыкалық мұралары, халық күйлері мен әндері, сондай-ақ симфониялық өңдеудегі заманауи шығармалар орындалады.

6 ақпан күні "Joshy" этно-фольклорлық ансамблінің жеке концерті өтеді. Өнер ұжымы халық әндері мен күйлерін дәстүрлі аспаптарда және заманауи өңдеуде орындайды.

Сонымен қатар мәдениет күндері аясында ұлттық дәстүрлер мен спорт түрлерін насихаттауға айрықша мән беріледі.

Іс-шараларға Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық ұжымдар, дәстүрлі өнер шеберлері, қолөнершілер мен аспаздар қатысады.

Көрермен үшін ұлттық мәдени мұра мен елдің шығармашылық әлеуетін тереңірек танытуға бағытталған таныстырылымдар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу