Қатарлық инвесторлар Қазақстанмен серіктестікке басымдық бермек

346

Кездесу барысында Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосуды бастаған қатарлық компания басшылары елдегі қолайлы инвестициялық климат туралы баяндап, өз тәжірибелері мен жұмыс барысы туралы баяндап берді.  

Қатарлық инвесторлар Қазақстанмен серіктестікке басымдық бермек Фото: ҚР СІМ

Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында Қазақстанның Доха қаласындағы Елшілігі Қатардың құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм секторындағы жетекші компанияларының басшыларымен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиын басында сөз алған Қазақстанның Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев қатарлық кәсіпкерлерге екіжақты ынтымақтастық бағытында биыл қол жеткізілген ірі жетістіктер туралы ақпарат беріп, шетелдік инвесторлар үшін қарастырылған мүмкіндіктерді таныстырды.

Осы орайда, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Қатар өзара сауда айналымы мен инвестициялар көлемін еселеуге бағытталған бірқатар маңызды іс-шараларды атқарғанын, оның ішінде Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қою арқылы тиісті шарт-құқықтық базаның кеңейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Елші А. Исағалиев биыл екі ел басшыларының үш рет кездесуі қатынастардың жоғары деңгейі мен өзара тиімді стратегиялық серіктестікті өрістетуге деген ортақ ниеттестікті байқататынын атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосуды бастаған қатарлық компания басшылары елдегі қолайлы инвестициялық климат туралы баяндап, өз тәжірибелері мен жұмыс барысы туралы баяндап берді. Атап айтқанда, Қазақстандағы құрылыс нарығының қарқынды дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы мол әлеует және ақпараттық технологиялар бағытындағы жетістіктер бойынша ашық диалог орын алды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қатарлық компанияларға еліміздің заңнамасы, салық жүйесі, көлік-логистикалық бағыттары және басқа да мәселелер бойынша толық ақпарат берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу