Министр өз сөзінде сүтті мал шаруашылығын дамыту Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдары аралығында жалпы өндірістік қуаты жылына 597,7 мың тонна сүт өндіретін 106,8 мың басқа арналған 169 сүт-тауар фермасын іске қосу жөніндегі жоспар әзірленген.
Сүт-тауар фермаларының қосымша қуаттарын іске қосу республиканың ішкі нарығын 2024 жылдың соңына қарай отандық сүт өнімдерімен 100%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл сәйкесінше сүт өнімдерін өзге елдерге экспорттау көлемін ұлғайтады.
Өз кезегінде Айдан Тынан Baladna Food Industries компаниясының қызметі және алдағы даму жоспарлары туралы айтып, сүт өнімдерін тұтынудың өсуі және халықтың көбеюі есебінен болашақта сүтті тұтыну тек арта түсетінін атап өтті. Айдан Тынанның айтуынша, Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сүт және сүт өнімдерін экспорттаушы ел болуына барлық мүмкіндіктері бар.
Айдан Тынан министрге Қазақстанның кәсіпкерлерімен кездесулер өткізгенін және онда бірқатар инвестициялық жобалар таныстырылғаны туралы хабарлады. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы 250-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын құра отырып, қуаты тәулігіне 150 тонна шикізат болатын ірімшік өндіру зауытын салу жобасы туралы айтты.
Тағы бір инвестициялық жоба – Қостанай облысында жылына 106 мың тонна өнім шығаратын шикі сиыр сүтін өндіруге арналған 8 сүт-тауар фермасын салу.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келіссөздер нәтижелеріне сәйкес, барлық аспектілер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты.