Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек кітапшасы негізінде есептеледі. Ал базалық зейнетақыны есептеу барысында міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер де назарға алынады.
Оның айтуынша, еңбек кітапшасында қателер, түзетулер немесе қажетті жазбалардың болмауы кездесуі мүмкін.
Мұндай жағдайда азамат еңбек өтілін өзге ресми құжаттар арқылы дәлелдеуі қажет. Мәселен, кадр қызметкерлері бұйрықтың нөмірін немесе күнін көрсетпеуі, ұйымның мөрін баспауы не оның анық көрінбеуі сияқты қателіктерге жол беруі ықтимал.
Осындай жағдайларда еңбек өтілін архивтен алынған анықтамамен растауға болады. Егер мұндай мүмкіндік болмаса немесе құжаттағы мәліметтерді басқа жолмен дәлелдеу мүмкін емес болса, мәселе сот тәртібімен шешіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанда қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан кезең-кезеңімен бас тартып, еңбек қызметін есепке алуды толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр.