"Қателік жібермейтін адам жоқ": Нұрсұлтан Назарбаев інісінің қатты қиналғанын айтты

6151

Ол інісінің соңғы екі жарым жыл қатты ауырғанын айтты.

"Қателік жібермейтін адам жоқ": Нұрсұлтан Назарбаев інісінің қатты қиналғанын айтты Фото: nur.kz

Бүгін ұзаққа созылған науқастан көз жұмған Болат Назарбаевты жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Рәсімде Қазақстанның тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев ел алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нұрсұлтан Назарбаев інісінің жомарт, ақкөңіл жақсы адам болғанын еске алды. Оның сөзінше, Болат Назарбаев қайырымдылықпен көп айналысқан, мешіт салдырып, мектепке көмектескен. Тәуелсіздік алғалы елдің дамуына да септігін тигізген. Айналасындағы адамдарға,  көмек сұраған жандарға қол ұшын берген. Сондай-ақ, інісінің соңғы екі жарым жыл қатты ауырғанын айтты.

"Осы ауылда туып өстік. Біз оны жақсы көрдік, ол бізді жақсы көрді. Үйіміздің ең кенжесі еді. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жүз жылға татитын жұмыс жасалды, соның бәрін көрді, еңбек етті. Мектепке, ауылға көмектесті. Мешіт те салдырды. Көп еңбек етті. Ұл-қыз өсірді. Арманы жоқ деп айтуға болады. Бірақ армансыз адам бола ма? Әлі де өмірі алда еді. Екі жарым жыл қатты ауырды, жүре алмады, сөйлей алмады, өздігінен тамақ іше алмады. Қатты қиналды. Қателіксіз адам болмайды. Біздің әулетімізге көңіл айтқандарыңызға көптен көп рахмет. Кешеден бері көп адаммен сөйлесіп жатырмын, жасаған жақсылығы көп. Жақсы сөз айтыңыздар. Еңбек етіңіздер, отбасыларыңыз аман болсын!", деді көпшілік алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар қазаға ортақтасып, көңіл айтуға Ермұхамет Ертісбаев, Амандық Баталов, Нұртай Әбіқаев пен Алик Шпекбаев сынды көптеген саяси және қоғам қайраткерлері келді. Өнер қайраткерлерінің арасында Біржан Хасанғалиев жүрді. Жаназаның алдында Үкімет басшысы да сөз сөйлеп, қазалы әулетке көңіл айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу