Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі қашан тіркеуден өтеді?

510

Елордада клиникалық сынақтардың екінші кезеңі жалғасып жатыр. 

Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі қашан тіркеуден өтеді? Фото: inbusiness.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте қатерлі ісікке қарсы отандық дәріге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Клиникалық сынақтардың екінші кезеңі Астанадағы онкологиялық орталықтың базасында жалғасып жатыр. Ағзаның үлкен және кіші дозаға реакциясы тексерілуде. Осы жылдың соңына дейін осының бәрін аяқтап, дәрі-дәрмекті алдын ала тіркеуге өтінім беруге тырысамыз. Оның өз процедурасы бар. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық орталық қазір бізге барынша көмектесіп отыр. Олар екінші кезеңдегі клиникалық сынақтардың расталған нәтижелерін күтіп отыр. Оның бәрі расталып, жүйеге енгізілген соң бәрі қайта тексеріледі, кейін осы дәріні тіркеуге өтінім береміз", – деп жауап берді ведомство басшысы.

Өтінім Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына жолданады. Бұл ретте Саясат Нұрбек отандық дәріні басқа елдерде қосымша тексерістен өткізу қажет пе деген сауалға да пікір білдірді. Оның айтуынша, дәрі-дәрмекті елімізде және ЕАЭО аумағында сату үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арқылы тіркеуден өту жеткілікті. Препаратты басқа елдерге шығару үшін әр аймақтың (Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия) өз талаптары бар. Бұл ретте әлемдегі ең қатаң жүйелердің бірі АҚШ-та екені белгілі болды. 

Журналистер дәрі-дәрмек отандық нарыққа қашан жол тартады деп нақтылады.

"Келесі жылы болуы мүмкін. Себебі осы жылдың соңына дейін барлық рәсімдерді аяқтап, Денсаулық сақтау министрлігімен жұмысты пысықтауымыз қажет", – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Айта кету керек, алғаш рет елімізде шығарылған қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек таныстырылғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу