"Қатерлі ісікке күдік бар": Дина Төлепберген "Астарлы ақиқаттан" не үшін кеткенін айтып берді

1948

Бұл туралы танымал журналист, продюсер Дина Төлепберген өзі 13 жыл бойы жүргізген "Астарлы ақиқат" бағдарламасынан отбасы жағдайына байланысты кеткенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты "Мамский әңгіме" бағдарламасына сілтеме жасап.

"Қатерлі ісікке күдік бар": Дина Төлепберген "Астарлы ақиқаттан" не үшін кеткенін айтып берді Фото: Бейнежазбадан

Ол үлкен ұлының белгісіз дертке шалдыққанын жеткізді.

"Осыдан екі жыл бұрын менің 8 жастағы ұлыма "тромбоцитопеническая пурпура" деген диагноз қойылды. Мен бұл ауру туралы бұрын-соңды білмеген екенмін. Баланың мұрны қанай бастады. Біз дәл сол мезетте үйімізді сатып, басқа жаққа көшкен едік. Сол себепті бала мектебін ауыстырды. Жаңа орта, жаңа достар болғандықтан мұрнының жиі қанауын күйзелістен, үйренісе алмауынан деп ойладым да, онша мән бермей жүре бердім. Бірақ қан ағуы жиілеп кетті, күнде мұрнынан қан аға берген соң лор-дәрігеріне апардым. Ол ем-дом жазып берді. Бір күні үсті-басы біреу ұрып тастағандай көгеріп кетті. Артынша, мұрнынан қан тоқтамай, саулап ағып, ештеңе істей алмай қалдық. Содан "жедел жәрдеммен" жан сақтау бөліміне жатқыздық. "Сіздің балаңызда онкология болуы мүмкін, ертең тексереміз" деп бір қорқытты. Ертеңіне әлгі диагнозды қойды", – деді журналист.

Дина Төлепберген ұлының сырқаты белгілі болғаннан кейін, бағдарламаға да көңіл бөлуді қойғанын мойындады.

"Осы жағдайдан кейін менің миымда үлкен "төңкеріс" болды. Бағдарлама жүргізіп тұрам, бірақ бар ойым баламда. Уақытылы дәрісін ішті ме екен, тамағын жеді ме, не істеп жатыр екен деп алаңдаумен болдым. Бір жыл бойы үйде оқшаулап ұстап, үйде емдеуге тура келді. Мұның бәрі жүйкеге салмақ. Дәрігерлер бұл аурудың нақты себебін айта алмады, "аллергиядан шығар" деді. Ал психосоматиктер "баланың өмірі көңілсіз, қуанышы аз" деп айтты. Ойлашы, 8 жастағы баланың өмірінде қуанышы аз боп, үнемі көңілсіз жүргендіктен осындай ауруға шалдықты деді. Ал менің тұжырымым бойынша, балам менің бойымдағы ауыртпалықты, менің көңіл-күйімді өзіне "тартып" алатындай көрінді. Себебі "Астарлы ақиқатты" жүргізу оңай емес, күніне жүздеген адам өз проблемасын айтып келеді, артынан жылайды. Оны тыңдап, өзіңнен өткізесің. Бағдарламадағы айқай-шуды тыңдап, көмектесудің жолын іздеп, шаршап, кешке бүкіл ауыртпашылығыммен үйге келіп, балаларды құшақтағанда күні бойғы жаман энергия балаларыма беріліп кететін сияқты көрінді. Яғни балам мен ауыруым керек аурумен ауырды, өзіне "сорып" алды. Оны кейін өзі де айтты. "Мама, сен жұмыстан келгенде ылғи көңілсіз боп келесің. Үйге келіп жылайсың, неге сен өзіңді ойламайсың, бізге де көңіл бөлші" деп айтты. Одан мұндай сөзді естігенде кәдімгідей ойланып қалдым. Сөйтіп таразының балам жағы басым түсті. Десе де мен елге көмектесуді тоқтатпаймын. Бұрын нақты бір адамға көмектессем, енді бірден мың адамға пайдам тиетіндей жобаларды жасаймыз, ізбасарларымды көбейтем. Оған менің тәжірибем жетеді", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу