Қатон-Қарағайда әуежай салынған соң, оған Астана мен Алматыдан тікелей рейспен жетуге болады

330

Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Қатон-Қарағайда әуежай салынған соң, оған Астана мен Алматыдан тікелей рейспен жетуге болады Фото: wikipedia.org

Қатон-Қарағай мен Зайсанда салынатын әуежайлардың құрылысы келесі жылы толығымен басталады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Президент өзінің Жолдауында Шығыс Қазақстандағы Қатон-Қарағай, Зайсан әуежайларын қайтадан қалпына келтіріп, аз орындық ұшақтар сатып алу жөнінде тапсырма берді. Дәл сондай мәселе Арқалық қаласындағы әуежайына да қатысты. Арқалық қаласында, Қатон-Қарағай мен Зайсанда әуежайды салып, аз орындық ұшақтарды қозғалысқа келтіру керек. Осы тапсырмалар қай мерзімде орындалады?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, Қатон-Қарағай мен Зайсан бойынша ұшу-қоны орындары айқындалды.

"Қатон-Қарағайда Солдатов деген жерде, ал Зайсанда Сәтбай деген жерде болады. Екіншіден, біз тек қана ол жаққа Өскеменнен ұшатын өңірлік ұшу-қону алаңы бола ма кішігірім немесе үлкен жасаймыз ба деп көп ойландық. Толыққанды шешіміміз былай болды. 1000-1500 шақырымға ұша алатын Bombardier Q400 деген Qazaq Air-дің ұшақтары бар. Солардың ұшақтары ұша алатын үлкен ұшу-қону алаңын жасаймыз. Оның ұзындығы 2200 шақырым болады. Сонда Астанадан, Алматыдан тікелей Қатон-Қарағайға, Зайсанға ұшу мүмкіндігі болады. Нақты мерзімге тоқталатын болсақ, биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Келесі жылы толық құрылысын бастаймыз", – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, Өнеркәсіпті қолдау қоры арқылы ATR деген арнайы ұшақтар сатып алынбақ. 

"Өйткені оған ұшатын бізде Bombardier деген 5 қана ұшақ болып тұр. Оған қосымша тағы да ATR-72 ұшақтарын сатып аламыз. Келесі жылы толығымен екі әуежайдың құрылысын аяқтаймыз. Арқалықтың мәселесімен әкімдік айналысып жатыр. Күні кеше Премьер-министрдің жасаған сапары барысында әкімдік ұшу-қону алаңын басынан жаңғыртайық деп ұсыныс берді. Оны Үкімет басшысы қолдады. Жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдік өзі жасайды. Тағы да бюджеттен ақша бөліп ұшу-қону алаңын басынан жасайтын боламыз. Оны да дәл сол мерзімде 2026 жылы бітіреміз",  деді Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу