Жанына шипа іздеген ел басы ауырып, балтыры сыздаса көрші аудандарға немесе облыс орталығы Өскеменге сабылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Еліміздің шекара шебінде орналасқан ауданға жас мамандардың барғысы келмейді. Өйткені, шалғайдағы ауданда оларға әлеуметтік қолдау дұрыс көрсетілмей жатыр.
Катонқарағай ауданы аудандық статусынан айырылғалы бұл өлкеден ел де көшті, елге керекті мамандар да кетті. Басқасы басқа халыққа ең қажетті аудандық ауруханада дәрігер тапшы. Қазір еңбек етіп жүрген ақхалаттылардың көбі зейнеткер.
"Бізде хирург жетіспейді. Педиатр, окулист жетіспейді. Реанимотолог дәрігер де жоқ", - дейді Катонқарағай аудандық №2 ауруханасының бас дәрігері Гүлмира Сәкенова.
Бас дәрігер айтқандай, көп маманның орны бос тұр. Емдеуші болмаған соң, емделуге келгендерді мұндағылар өзге жаққа жіберуге мәжбүр.
"Көбінде бұл жерде қалаға жібереді. Қаланың мәселесінсіз, бұл жерде шешілмейді біздің дертіміз. Аппараттар жоқ. Мамандардың жоқтығына байланысты мәселелер бар", - дейді Катонқарағай ауданының тұрғыны Күлзипа Жексенбаева.
Дәрігерлердің айтуынша, жас мамандардың келмеуіне жолдың алыстығы, жердің шалғайлығы себеп. Сонымен қатар, үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау жетіспейді дейді. Айта кетейік, аудан аумағында он мыңға жуық адам тұрады. Президент айтқандай, Катонқарағай жеке аудан болып құрылса бұл мәселелер шешілер деген елдің үміті басым.