Катонқарағай ұлттық паркінде 3 гектар орман өртенді

1544

Жалын ошағына техника жете алмай жатыр.

Катонқарағай ұлттық паркінде 3 гектар орман өртенді

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде басталған өрт әлі ауыздықталған жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сенсек, өрт аумағы 20 гектардан аспаған.

"10 қазан күні таңсы сағат 7.17-де Катонқарай ұлттық паркінің Берел филиалына қарасты Рахман орман шаруашылығында өрт басталғаны туралы хабар түсті. Сағат 8.05-те оқиға орнына МИ-8 тікұшағы аттанып, қызыл жалын шөп пен бұтаны шарпыды деген мәлімет берілген.  Сағат 14.35-те өрттің басына парк директорының орынбасары барып, өртенген аумақтың 20 гектарға жеткенін анықтады. Оның 2-3 гектары орманды алқап. Өрт ошағына өрт сөндіруші жасақ пен әрқайсысына 1 тек метр су сиятын резервуар түсірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ұлттық парктің техникасы мен қызметкерлері жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де дайын отыр. Әзірге олардың көмегі қажет болмай тұр.  11 қазан күні сағат 9.00-дегі ақпарат бойынша өрт аумағы өзгеріссіз қалған. Жалын аумағы 20 гектар қалпында. Өрт етек алатындай кеңістік жоқ. Сағат 12.05-те әуедегі орман күзетінің МИ-8 тікұшағы оқиға орнына қайта аттанды", – делінген төтенше жағдай департаменті таратқан мәліметте.

Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің директоры Жанболат Тыныбековтың айтуынша, өрт әлі толық ауыздықталмаған. 

"Қазір өрт басында 120 адам жүр. Бәрі де парктің қызметкерлері. Қызыл жалын орманға бұтадан ағаштарға жалғасқан тұсынан тежеп тұрмыз. Өрт аумағы Мұзтауға барар жолдағы Қаракөл деген учаскеге жатады. Техниканың баруы мүмкін емес. Суды тау қойнауындағы өзен-бұлақтардан алып жатырмыз. Тікұшақ та жұмылдырылған. Жағдай бақылауда. Одан әрі өршуіне жол бермеспіз", – дейді Жанболат Тыныбеков. 

Есімжан Нақтыбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу