Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың көлікті 5 минуттан артық қыздарғаны үшін айыппұл төлеу туралы норманы қайта қарау жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың атына депутаттық сауал жолдады.
"Өткен жылдың соңында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында, "Ақ жол" Демпартиясының фракциясы оны сынға алып, заң жобасын қолдамады. Сол кезде, біз, полицейлердің әңгімелеріне және олардың басшыларының кодексті бұзғаны және азаматтарға айыппұл салғаны үшін хаттамаларды рәсімдеу бойынша түсініксіз "нормаларды" белгілеу туралы талаптарына азаматтардың куә болғаны туралы мысалдар келтірген болатынбыз. Атап айтқанда, біз келтірген әлеуметтік желілердегі сілтемеде әрбір аудандық ішкі істер бөлімдері күніне кемінде 200 айыппұл, ал кезекшілікке шыққан әрбір полицей күніне кемінде 5 айыппұл салуы тиіс деген тапсырмалар айтылған бейнежазба бар", – деді Серік Ерубаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Сөзінше, соңынан мұндай дауыстық және бейне хабарламалар бірнеше рет пайда болып, бұл азаматтардың таңдануы мен әділ наразылығын тудырды. Депутат мұндай талаптар заңға қайшы келеді, азаматтардың құқықтарын анық бұзады және Конституцияға қайшы деп санап отыр.
"Былтырғы 26 желтоқсанда ІІМ вице-министрі Игорь Лепеха журналистердің айыппұл туралы қойған сұрағына бұл сұрақтар депутаттарға жолдануы керек деп мәлімдеген болатын. Сонда, құрметті Лепеха мырза, жоғарыда айтылған міндетті түрде 200 хаттама толтыру не болмаса әрбір инспектор кемінде 5 протокол толтыру туралы бұйрықты беріп отырған депутаттар ма әлде өзінің әріптестері ме? Сонымен қатар қабылданғанына 20 жылдан асқан норма соңғы уақытта резонанс тудырып, көліктердің қозғалысын 5 минуттан астам жұмыс істеп тұрғаны үшін айыппұл салу белсенділігінт қалай түсіндіруге болады? Әлде бұл бюджетті толтырудың тағы бір тетіктерінің біреуі ме?
Негізсіз айыппұлдарды қолданудан ең алдымен кәсіпкерлер мен көлік жүргізушілері зардап шегетіні баршаға мәлім. Мысалы, үй жанындағы дүкендерге көліктен тауарларды тиеу және түсіру әдетте бөлінгеннен 5 минуттан көп уақыт алады. Ал минус 20 немесе одан да төмен температурада қозғалтқышты өшіріп қою қисынсыз. Сақылдаған сары аязда балаларды мектептен, балабақшадан алғанда суық салонға қалай отырғызамыз? Жалпы қыс уақытында аймақтарды қатты аяз болған кезде машинаны жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететіні айдан анық", – деді депутат.