Павлодар облысы Ақтау ауылындағы негізгі мектеп төбесіз қалды. Түнде соққан қатты жел аумағы 240 шаршы метр болатын профиль жабынын оның ағаштан жасалған құрылымдарымен бірге жұлып әкетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Негізгі мектептің төбесіз қалғаны туралы ақпарат сағат 01.30-да түскен. Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметовтің айтуынша, бұл уақытта аудандағы желдің жылдамдығы секундына 17 метр болған.
Ал аудандық әкімдіктің мәлімдеуінше, оқыс жайт сабақ беру процесіне кері әсерін тигізбейді. Мұнда 35 бала білім алып, 18 мұғалім жұмыс істейді.
Айта кетейік, мектептің төбесі 2011 жылы жартылай жөндеуден өткен болатын. Сол кезде спорт залы мен мәжіліс залының төбесіне металл профиль жабылған еді.