Ішкі істер министрлігі "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтарды қорғау және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсету.
Жұмысқа полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласының мамандары, дағдарыс орталықтары, психологтар мен қоғамдық ұйымдар тартылды.
Шара барысында қиын өмірлік жағдайға тап болған 300-ге жуық отбасы анықталды. Жалпы 1 379 азаматқа құқықтық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
Сонымен қатар 42 адам дағдарыс орталықтарына, тағы 37 адам отбасын қолдау орталықтарына уақытша орналастырылды.
ІІМ бұл бағыттағы жұмыстың мақсаты тек құқық бұзушылықты тіркеп, кінәлі адамды жазалау емес екенін атап өтті. Басты міндет – қауіпті дер кезінде анықтап, жәбірленушіні қорғау және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу.