Қауіпсіздік деңгейі төмен: 15 жасар жасөспірім мектепке қаруды емін-еркін алып кірген

775

Петропавлда болған жантүршігерлік жағдай бүгін дүйім жұртты елең еткізді. Мұнда мектеп оқушысы білім ошағына өзімен бірге пышақ пен балта алып келіп, өзге 3 жеткіншекті жарақаттаған. 

Қауіпсіздік деңгейі төмен: 15 жасар жасөспірім мектепке қаруды емін-еркін алып кірген

Жаға ұстатқан жайт таңғы 8 жарымда сабақ басталар сәтте болған. Зардап шеккен балалар бірден ауруханаға жеткізіліп, шұғыл операция жасалды. Соңғы мәліметке сенсек, олар кәзір жан сақтау бөлімінде жатыр. Қаруланған жасөспірімнің өзі сол мектепте білім алады. Сондай-ақ оның психиатриялық есепте тұратыны айтылуда. Осы суыт хабардан кейін бұқара мектеп қауіпсіздігіне алаңдай бастады. Себебі аталған білім ордасын жалғыз вахтер ғана күзеткен. 

Дүйсенбінің таңында Қызылжардағы №4-ші орта мектептің дәлізі қанға боялды. 9 сынып оқушысы мына пышақ пен балтаны  білім ордасына емін-еркін алып кірген. Сөйтіп, сабақ басталар алдында екі ұл және бір қызға қару сермепті. Біреуінің басын, екіншісінің иығын жарақаттаған.

"Ол қаруды сөмкесіне салып, мектепке кіргізген. Кейін дәретханаға кіріп, сол жерде алып шыққан. Балалардың сөмкесін тексере алмаймыз, бұған ешкімнің құқығы жоқ", дейді СҚО Білім басқармасының басшысы Назир Жәшібеков. 

Ал турникеттер мен металл детекторлары, әрине жоқ. Тіпті мамандандырылған күзет қызметі де болмаған. Күніне жүздеген бала келетін ғимаратты бейнебақылау камералары мен вахтер ғана күзетеді. Сонда, қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілген?

"Балаларды мектепке кіргізерде визуалды тексеру жүргіземіз. Яғни, олар қандай күйде келгенін сырттай қараймыз. Бөгде адамдар кіріп кетпес үшін, кіреберіс есікті ұдайы бақылаймыз. Біздің мектепте турникеттер мен металлдетекторлар жоқ", дейді №4 орта мектеп директорының орынбасары Алмагүл Қасымова. 

Оның үстіне, 15 жасар оқушы психитариялық есепте тұр екен. Ем алуына байланысты қараша айының соңына дейін сабаққа келмеген. Мұны прокуратура өкілдері де растап отыр. 

"Осы кәмелетке толмаған бала психиатриялық есепте тұрған және ауруханада жатқан. 2021 жылы ол бала психдиспансерде жатқан. Диагнозы  депрессия. Петропавлда және Алматыда емделген. Алматыдан әлі біз дұрыс ақпарат алған жоқпыз", дейді Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев. 

2021-дің мамырында Ресейдің Қазан қаласында Ильназ Галявиев мектепке қарумен баса көктеп кіріп, 9 адамды атып тастағаны есте. Дәл сол Ресейде өткен күзде Ижевск мектептерінің бірінде қаруланған 34 жастағы Артем Казанцев 17 адамды өлтірді. Көрші елдегі жаға ұстатар осы оқиғалардан кейін отандық мектептердегі қауіпсіздік мәселесі сан мәрте көтерілді. Сол кезде білім және ғылым министрі болған Асхат Аймағамбетов "сабақ алуымыз керек" деп талай жазды да, айтты да. Мектептегі күзетшілер мен вахтерлердің пәрменсіздігін де сынға алып еді.

Аймағамбетов мектеп күзетшілері арнайы оқу жаттығудан өтеді, оқу ошақтарының бәрін мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етеміз деп ант-су ішті. Тек мұның бәрі құр сөз, бос уәде  болып қалған сияқты. Біздегі білім ошақтары мұндай оқыс оқиғаларға дайын емес екеніне көз жетті бүгін. Ал бұл мақсатта не істелді, қандай шаруа тындырылды деп оқу-ағарту министріне сауал жолдаған едік, жауабын ертең айтамыз деп қысқа қайырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу