"Мемлекеттік техникалық қызмет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Зекен Исмаилов қауіпсіздік сертификаты жүктеліп алынатын сайт туралы айтып берді.
"Әуелде қауіпсіздік сертификаты жүктеліп алынатын сайт әзірленді. Осылайша, сертификатты орнатумен қамтамасыз ету міндеті байланыс операторларына жүктелді. Біз байланыс операторларымен бірнеше мәрте жиын өткіздік. Олар сертификатты орнату процесіне араласып, көмектесуді сұрады. Егер араларыңызда қауіпсіздік сертификатын орнатқан адамдар болса, сайтқа кіріп көріңіздер. Бұл қарапайым ғана сайт. Оған кірген кезде қолданушының қандай операциялық жүйеден, андроидтан немесе айостан кіргені білінбейді. Тиісінше, сізге орнатушының пакетін таңдауға мүмкіндік беріледі. Өйткені, сертификатты орнату процесінің өзі белгілі бір әрекеттерден тұрады", – деп түсіндірді Зекен Исмаилов.
Қауіпсіздік сертификатын орнатуды жеңілдету үшін арнайы инсталлятор әзірленген. Инсталлятор дегеніміз – сертификатты орнатқан кезде мейлінше аз әрекеттерді орындауға мүмкіндік беретін бағдарлама.
Зекен Исмаиловтың айтуынша, қауіпсіздік сертификаты шифрланған трафиктерді анықтауға мүмкіндік береді.
"Бұл тек заңсыз дүниелерге ғана қатысты. Қысқасы, сіздердің хат-хабарларыңыз, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыз, құпия сөздеріңіз сақталмайды. Заңға қайшы келетін контенттің тізімі бар. Тізім құзырлы органдардың ұсынысымен, соттардың шешімімен анықталған", – деді Зекен Исмаилов.