Қауіпті өндірістегі апатты азайтуға бағытталған арнайы жол картасы әзірленеді

772

Жауапты органдарға тиісті тапсырманы бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қауіпті өндірістегі апатты азайтуға бағытталған арнайы жол картасы әзірленеді

"Еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманға сай тәсілдеріне сүйенуі тиіс. Өндірістік кәсіпорындарда халықаралық "Vizion Zero" нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет. Әрбір жарақаттану жағдайы Төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, қорытындысы бойынша оларды барынша азайту үшін кешенді шаралар әзірленуі тиіс", - деді Асқар Мамин.

Премьер-министр халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби қатерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажеттігін айтады. Ол үшін барлық құрал мен қажетті ресурс бар. 

"Бүгін біз Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдаймыз. Оны іске асыру нәтижесінде жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициентінің азаюы, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылар үлесінің азаюы күтіледі. Қазірдің өзінде Қостанай және Павлодар облыстарында өндірістік жарақаттану деңгейінің азаюы бойынша оң динамика байқалып отыр. Басқа өңірлер осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс, тау-кен металлургия кешендері мен құрылыс саласындағы кәсіпорындарда ерекше көңіл бөлу қажет", - деді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін нақты тапсырма берді.

"Біріншіден, Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, осы жылғы 1 желтоқсанға дейін жұмыс берушілер үшін еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі бойынша өзін-өзі бақылауға арналған онлайн-платформа әзірлеуді тапсырамын. Одан бөлек жұмыс берушілердің еңбек жағдайларын жақсартуда экономикалық ынталандыруды арттыратын заңнаманы жетілдіру жөнінде Үкіметтің қарауына ұсыныстар енгізсін. Екіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қазанға дейін қауіпті өндірістік объектілерде авариялықты азайту бойынша жол картасын бекітуді тапсырамын. Үшіншіден, өңірлердің әкімдіктері өнеркәсіп орындарымен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша Жол карталарын бекітсін", - деген Премьер-министр бұл бағыттағы жұмысты бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу