Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз және демалыссыз көлік басқарады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жолаушыларды тасымалдау саласы да қауіпті деңгейде. Бар нормалар сақталмайды. Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз және демалыссыз көлік басқарады. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Демалыс, мереке күндері пойызға билеттердің жоқтығынан, такси жоғары сұранысқа ие болады. "Қауіпті" такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиын", - деп атап өтті Ержан Сәденов.
Министр интернет-агрегаторлардың рөлі тек тапсырыстарды бөлумен шектелетінін баса айтты.
"Келесі жылдан бастап оларға тасымалдау талаптарын бақылау жүктеледі. Бұған Цифрлық даму министрлігі, Еңбек министрлігі, Көлік министрлігі және әкімдіктер қатысуы қажет", - деп атап өтті ІІМ басшысы.
Ержан Сәденов Көлік министрлігі мен әкімдіктер бірқатар жұмысты ұйымдастырғаны дұрыс деген пікірде. Атап айтқанда, қалааралық жолаушылар көлігін дамыту; демалыс, мереке күндерін ескеріп, сұранысқа ие бағыттар бойынша рейстердің санын көбейту; субсидиялау бойынша жолақыны арзандату; еңбек және демалыс режимін бақылау құралдарын орнату.