"Қауіптің сары деңгейі": Ыстанбұл әуежайына 40-тан аса ұшақ қона алмады

Мұндай деректі Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі мәлімдеді.

"Қауіптің сары деңгейі": Ыстанбұл әуежайына 40-тан аса ұшақ қона алмады Фото: 24.kz/ЖИ

Бұған күн райының қолайсыздығы тікелей себеп болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомствоның дерегінше, 16 рейс Анкара әуежайына, 10 рейс Измир әуежайына, тағы 8 рейс Ыстанбұлдың Азия бөлігінде орналасқан Сабиха Гөкчен әуежайына бағыт алған. 

14 қазан күні Ыстанбұлда нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан қаланың кейбір ауданында көлік қатынасы қиындай түсті. Ресми мәлімет бойынша, 1300-ге жуық тұрғын үйді су басып, 15 жерде көшкін жүрген. 

Нөсерден кейін Ыстанбұлдың көптеген ауданындағы жолдарды су басып, кей жерлердегі жерасты өткелдері су астында қалған. Қарбалас уақытта тасжолдардағы көлік қозғалысының тығыздығы 89 пайызға жетіп отыр. 

Фатих ауданындағы су жиналған жерлердің бірінде 14 жастағы жасөспірім тоқ соғу салдарынан көз жұмғаны белгілі болды. 

Қала билігі 15 қазанға метеорологиялық қауіптің сары деңгейін жариялаған. Болжам бойынша нөсер жаңбыр күннің соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, су басу, сел жүру, көлік қатынасы мен инфрақұрылым жұмысының бұзылу қаупі де бар. 

Билік тұрғындар мен туристерді аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға шақырады. Ыстанбұлдағы жергілікті мектептерде сабақ тоқтатылып, мемлекеттік қызметкерлердің кейбір санатына демалыс берілген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу