KAZ Minerals тобы Шығыс Қазақстандағы кенішін жапты

968

KAZ Minerals тобы Шығыс Қазақстандағы кенішін жапты

KAZ Minerals тобы  баланстық қорлардың толықтай аяқталуына байланысты Шығыс Қазақстан облысындағы Юбилейный-Снегиринский кенішіндегі өндіру жұмысын аяқтады, деп хабарлады компания.

"Юбилейный-Снегиринский кен орны – топтың құрамындағы ең кішкентай кеніш. 2016  жылдың  9 айы ішінде мұнда құрамында 7,1 мың тонна мыс бар 392 мың тонна кен өндірілді.  Кеніште  жұмыс вахталық әдіспен жүргізілді, – деді  Шығыс KAZ Minerals тобының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бұқарамен байланыс менеджері Ермек Дүзкенов. Бұл туралы "Интерфакс-Қазақстан" жазып отыр.

Өндіру жұмысы аяқталған соң кеніштің қызметкерлер құрамына оңтайландыру жүргізілді.  2016  жылдың  1 желтоқсанындағы жағдай бойынша  кеніште  158 адам еңбек етті. Оның  35-і "Востокцветмет" ЖШС-ның өзге кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылса,  59 адам өз еркімен жұмыстан кетуді ұйғарды.  Оңтайландыру шарасы 27 адамға жүргізілді.  Тағы  37 адам қазіргі таңда күзет режимі мен  кеніште су ағызу жүйесіне бақылау жүргізуге тартылған. Олармен еңбек шарты жою жұмысы аяқталғанға дейін ұзартылған.

Компанияда бекітілген жоспарға сәйкес,  Юбилейный-Снегиринский кен орнын жою жобасы әзірленіп,  өздігімен жүретін және стационарлық қондырғыларды компанияның өзге кәсіпорындарына  көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бұл кеніште полиметалдық мыс-мырыш және қорғасын кені жабық әдіспен өндіріліп келді. Кенді өңдеу Николаев кен байыту комбинатында жүргізілді.  Кеніш "Востокцветмет" ЖШС құрамына кіреді және облыстың Глубоков ауданында орналасқан.  Кен орны 1959 жылы ашылып, барлау жүргізіліп, 1975 жылы мемлекет меншігіне тапсырылған.  Пайдалануға  2002 жылы берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу